
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА КӨМЕК КЕРСЕТІЛДІ
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету мақсатында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды.
Игі шара аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдары мен мектеп формасы табысталды. Бұл акцияның басты мақсаты – балалардың білім алуына қолдау көрсету, ата-аналардың әлеуметтік жүгін жеңілдету.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов балаларға сәттілік тілеп, әр шәкірттің сапалы білім алып, еліміздің жарқын болашағына үлес қосатынына сенім білдірді.
– «Білімді ұрпақ – елдің тірегі. Бүгінгі көмек – балалардың оқуға деген ынтасын арттырып, олардың қуанышына себеп болса, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Облыстық ұйымның есебінен 22 оқушыға көмек көрсетілді. Қайырымдылық шарасы әлі де жалғасады», – деді кәсіподақ төрағасы.
Шара соңында балалардың жүздерінен қуаныш пен ризашылықтың шуағы сезілді. Кәсіподақ ұйымдастыратын бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі