
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Әдіскер – педагогтарға бағыт-бағдар беріп, педагогикалық үдерісті саралап, оны жетілдіру жолдарын ұсынатын кәсіби маман. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан білікті мамандардың бірі – Маңғыстау облысының білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің «№4 «Аққу» бөбекжайы» жедел басқару құқығындағы МКҚК-ның әдіскері, педагог-сарапшы Баймұханова Жәния Карлқызы.
Жәния Карлқызы еңбек жолын Жаңаөзен қаласындағы №14 жалпы орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі ретінде бастап, шәкірт тәрбиелеуден бастаған. Кейінгі жылдары түрлі салада қызмет атқарып, 2009 жылдан бастап Ақтау қаласындағы №4 «Аққу» бөбекжайында педагогикалық қызметін жалғастырды. Ізденімпаз, жаңашыл мұғалім ретінде тәрбиеленушілердің танымдық қабілетін, шығармашылығын дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарды. Оның шәкірттері қалалық және облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп, түрлі марапаттарға ие болды.
2018 жылдан бері аталмыш бөбекжайдың әдіскері қызметін атқарып келе жатқан ол кәсіби құзыреттілігі жоғары, үздіксіз даму мен білім жетілдірудің маңызын жете түсінетін маман. Ол түрлі конференциялар, семинарлар мен аттестация комиссияларына қатысып, тәжірибесін байыта жүріп, мектепке дейінгі білім беруді жетілдіруге үлес қосып келеді.
Жетістіктері де аз емес. 2018 жылы Ақтау қалалық білімді дамыту орталығының бекітуімен «Обучение детей дошкольного возраста информатике в играх с применением компьютера» атты әдістемелік нұсқаулығы жарық көрсе, 2022 жылы «Эксперименттік іс-әрекет арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық қабілеттерін дамыту» атты әдістемелік көмекші құралын ұсынды. Ал 2023 жылы «Мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалдық күйіне мата терапиясы» және «Мектепке дейінгі ұйымдарындағы жасанды интеллект технологиялары» тақырыбындағы авторлық бағдарламаларын әзірледі.Сонымен қатар, ол қалалық, облыстық, республикалық деңгейде түрлі вебинарларда баяндама оқып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи әдістемелерді насихаттап жүр.
Жәния Карлқызының еңбегі еленіп, республикалық, облыстық, қалалық марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің «Құрмет грамоталары», Маңғыстау облыстық және қалалық білім басқармасының «Алғыс хаттары», халықаралық және республикалық байқаулардағы жүлделі орындары – оның табанды еңбегінің айғағы.
Жекелеген жетістіктерімен қатар, шығармашылық еңбектері де жарияланып келеді. «Тағылым», «Қазақ білімі», «Ұлы дала Ұстазы» секілді республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда мақалалары жарық көріп, педагогикалық қауымдастыққа әдістемелік бағыт-бағдар беруде.
Жоғары кәсіби деңгейі, адами қасиеттері, әріптестер мен ата-аналар арасындағы зор беделімен ерекшеленетін
Жәния Карлқызы – шын мәнінде өз ісінің шебері. Бүгінде ол жас мамандарға үлгі боларлық, парасатты ұстаз, тәжірибелі педагог, мектепке дейінгі білім беру саласының жанашыры.
Ш.Ержанова,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №4 «Аққу» бөбекжайының бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы