
КӘСІПОДАҚ СПОРТ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Спорт – салауатты өмір салтының, қайрат пен табандылықтың, достық пен бірліктің символы. Спорт күні қарсаңында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы сала қызметкерлері мен спортты насихаттап жүрген белсенді азаматтарға арналған салтанатты қабылдау өткізді.
«Спорт – өмірдің көркі» атты салтанатты қабылдауды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Кәсіподақ құрамындағы 11 спорттық мекеменің барын айтып, белсенді жұмысын көрсеткен бастауыш ұйымның мүшелеріне жыл сайын шара ұйымдастырып, марапаттайтынын жеткізді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кіші қызметкерлерге де көңіл бөлінгенін айтып, олардың еңбектері үшін кәсіподақтың Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын табыстады.
Кәсіподақ көшбасшысы өз сөзінде спорттың тек кәсіби деңгейде ғана емес, сонымен қатар әрбір адамның күнделікті өмірінде маңызды орын алатынын атап өтті. Салауатты өмір салтын ұстану, ұжымдық спорттық іс-шараларға қатысу – қоғамдағы ынтымақ пен ұйымшылдықты арттыратынына тоқталды.
Қоғамдық бірлестіктің жұмысын белсенді жүргізіп жүрген Талдықорған қаласы А. Кивилев атындағы велоспорттан олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлназ Ақышева мен Талдықорған қаласының №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысшысы Джавдат Қадыровта сөз алып, өздерінің құттықтауларын жеткізіп, шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді.
Салтанатты қабылдау жылы лебіздер мен спорттық рухқа толы кездесу ретінде есте қалды. Бұл бастама алдағы уақытта спортқа деген қызығушылықты арттырып, кәсіподақ мүшелерін белсенді өмір салтына ынталандырады деп күтілуде.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі