
ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН МІНДЕТТЕР
Өнер орталығында Ақтөбелік педагогтардың жыл сайынғы дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Биылғы конференция "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбымен ұйымдастырылып, жаңа оқу жылына арналған басты міндеттер мен өткен кезеңдегі жетістіктерді саралауға арналды.
Кеңес басталмас бұрын орталықтың дәлізінде облыстың білім беру жүйесі жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде мектеп оқушылары мен ұстаздардың өнер, ғылым және білім салаларындағы табыстары жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл — өңірдегі білім сапасының, шығармашылық әлеуеттің және ғылыми ізденістердің айғағы болды.
Жиынға облыс әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, басқарма басшылары, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағалары, жоғары оқу орындарының ректорлары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, аудандық білім бөлімінің басшылары мен мектеп басшылары, ардагер ұстаздар қатысты.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова кіріспе сөзімен ашып, білім саласына жүктелген жаңа міндеттерге назар аударды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өз кезегінде жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар алдағы жоспарларымен бөлісіп, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жайында баяндама жасады.
Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров педагогттарды жаңа оқу жылымен құттықтап, ұстаздардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
Конференция барысында өткен оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, алда атқарылар міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, жиында білім беру сапасын арттыру, ауыл мектептерін дамыту, цифрландыру үдерісін жандандыру, инклюзивті білім беруді дамыту және мұғалім мәртебесін көтеру мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара барысында білім беру саласына зор үлес қосқан бірқатар ұстаздар мен білім ұйымдарына құрмет көрсетілді. Шалқар ауданы №4 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Күнжәмила Еңсепова жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жоғары нәтижелері үшін «Құрмет» орденінің иегері атанды. Сонымен қатар өңірдің білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін бір топ кәсіподақ мүшесіне Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйақы табыс етілді. «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанған дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Шалқар ауданының №8 мектеп-гимназиясы, Алға ауданының Бестамақ орта мектебі, Темір ауданының №2 Шұбарқұдық орта мектебі және Хромтау ауданының Бөгетсай мектеп-гимназиясына ақшалай сертификаттар табысталды.
Жиында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 100 миллион теңге көлеміндегі сертификаттар тапсырылды. Сонымен бірге Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ айрықша жетістіктерге жетіп, кәсіби шеберлігін көрсеткен ұстаздарға «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі берілді.
Алдыңғы және кейінгі буын өкілдерінің басын қосқан бұл жиын бейресми жағдайда жалғасып, естелік суретке түсу рәсімімен аяқталды.
-
Фотографии
-