
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕК
Кейде бір адам туралы айтқанда оның лауазымынан бұрын адамгершілігі мен ісіне деген адалдығы еске түседі. Біздің мектебімізде дәл осындай жандардың бірі Күршім ауданы «Ақсуат негізгі орта мектебі» КММ-нің еден жуушысы – Манаспаева Зульфия Шәріпханқызы. Ол еден жуушы қызметін атқарып жүргенімен, шын мәнінде, мектептің тазалық пен тәртіп ұйытқысына айналған жан.
Зульфия Шәріпханқызының қолынан өткен еден - тап-таза, терезе – жарқыраған, сынып – жайлы. Оның жұмысын жай ғана тазалық деп атау аздық етеді. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін адалдықтың, тәртіпке деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің көрінісі.
Жыл сайын мектеп директорының алғыс хатын алып келе жатқан Зульфия Шәріпханқызының еңбегі ұжым үшін ерекше бағалы. Бұл – көптің алғысына бөленген еңбек адамына деген лайықты құрмет. Ол марапаттарды ешқашан міндетсінбейді, керісінше, бұл сенімді ақтау үшін өз ісіне одан сайын беріліп, тиянақты жұмысын жалғастыра береді.
Ол – қарапайым, көп сөйлемейтін, бірақ үнемі жылы жүзбен жүретін жан. Таң атпай келіп, кешке дейін әр қабатта жүрген оның ізі – тек аяқ іздері ғана емес, маңдай тер мен жан жылуының ізі.
Зульфия Шәріпханқызының өмір жолы еңбекке деген құрметтің, қарапайымдылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мектеп тек ұстаздар мен оқушылардан ғана құралмайтыны анық. Оны тірілтіп, тыныс беріп тұрған адамдардың қатарында Зульфия Шәріпханқызының есімі әрдайым құрметпен аталуы керек. Оның еңбегі – үнсіз жасалған, бірақ үлкен тәрбие мен өнеге тудыратын еңбек.
Осындай абзал жандардың арқасында мектеп жай ғана білім беретін ғимарат емес, тәртіп пен тазалықтың, мейірім мен мәдениеттің мекені болып қала бермек.
Шығыс Қазақстан жергілікті кәсіподағы