
ЫРҒЫЗДЫҚ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Конституция күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік басқосуға ауданның білім беру саласының өкілдері, ұстаздар мен еңбек ардагерлері қатысты.
Шара барысында еліміздің негізгі заңын құрметтеу, оны жас ұрпаққа насихаттау, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, білім беру ісінде адал еңбегімен, жауапкершілігімен ерекшеленген мекеме басшылары Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапат иелері бұл құрметті бағалап, білім саласын дамытуға әрі жас ұрпақты тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.