
ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН ПЕДАГОГ
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген білікті ұстаз – Еңсепова Күнжәмила Орынбасарқызы. Ол 1963 жылы 9 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 1987 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетін «биология-химия» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын 1988 жылы балалар бақшасында тәрбиешілік қызметтен бастаған. 1989 жылдан бастап Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ал 2006 жылдан бері №4 орта мектепте оқу ісінің орынбасары қызметін атқара жүріп, биология пәнінен дәріс беріп келеді.
Сондай-ақ, соңғы 15 жыл бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде еңбек етіп, білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауға, педагог мәртебесін арттыруға өзіндік үлесін қосып келеді.
Күнжәмила Орынбасарқызы ұжыммен тығыз қарым-қатынас орнатып, шәкірт жүрегіне жол табуда өзінің кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Тынымсыз ізденісі мен адал еңбегінің нәтижесінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Жуырда өткен облыстық тамыз конференциясында Шалқар ауданы №4 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Күнжәмила Еңсепова жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жоғары нәтижелері үшін «Құрмет» орденінің иегері атанды. Бұл марапат – ұстаз еңбегінің әділ бағаланғанының айғағы.
Күнжәмила Еңсепованың еңбектері ел көлемінде де жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болған. 2025 жылы аудандық «Әжелер сөзі – көненің көзі» байқауында ІІ орын иеленсе, 2023 жылы «AMANAT» партиясының Алғыс хатына ие болды. Сол жылы республикалық «Үздік педагог – 2023» байқауында жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. Бұған дейін 2022 жылы Шалқар ауданы әкімінің шешімімен «Жыл адамы – 2022» атағын иеленіп, «Шалқар ауданына – 90 жыл» төсбелгісімен, облыс әкімі мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төсбелгілерімен марапатталған.
Сонымен қатар, оқушылары да республикалық олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарында жүлделі орындар алып жүр. Ол тек білім беруші ғана емес, жас ұрпақты биік мақсаттарға жетелеуші, үлгі-өнеге көрсетуші тәлімгер.
Күнжәмила Еңсепова – педагогикалық еңбектің шыңына көтерілген, ұлағатты ұстаз, ардақты ана, шәкірт пен әріптес жүрегінен ерекше құрметке ие тұлға.