
БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ БИІГІНДЕГІ ТҰЛҒА
Ақтөбе облысының білім саласында өзіндік орны бар, ұзақ жылдардан бері жас ұрпақ тәрбиесіне, өңірдегі білім сапасын арттыруға өлшеусіз үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз – Бультенов Дастанбек Қожабергенұлы.
Дастанбек Қожабергенұлы 1980 жылдың 6 маусымында Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Қызылсу ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын педагогика саласына арнады.
22 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші бүгінде тәжірибелі ұстаз ғана емес, білім беру ісін жаңашыл бағытта дамытып келе жатқан білікті басшы. Ол 2007 жылдан бастап Бөгетсай мектеп-гимназиясында қызмет етуде. Әуелде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен ол, 2012 жылдан бері аталған білім ордасының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Дастанбек Қожабергенұлы – бокстан «Бірінші дәрежелі төреші» және «Спорт шеберінің кандидаты» атағына ие. Бұл жетістігі оның тек білім саласында ғана емес, спортта да биік белестерді бағындырған жан екенін көрсетеді.
Білікті ұстаздың қажырлы еңбегі әр жылдары түрлі марапаттармен лайықты түрде еленді. 2019 жылы ол «Отличник образования» төсбелгісімен, «Каникулдық мектеп» жобасын жүзеге асыруға үлес қосқаны үшін Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бірлескен Алғыс хатымен, сондай-ақ Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Ұстаз – ұлы тұлға» төсбелгісіне ие болып, сол жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Алғыс хатын алды. 2022 жылы оның еңбегі тағы да жоғары бағаланып, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Ақтөбе облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Ал 2024 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Әлеуметтік серіктестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін иеленді.
Жуырда өткен облыстық тамыз конференциясында Дастанбек Қожабергенұлы өңірдің білім сапасын арттыруға қосқан елеулі еңбегі үшін Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен және қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен бірге оның басшылық ететін Бөгетсай мектеп-гимназиясы «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болды.
Өз ісіне адалдықпен қараған ұстаз еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Дастанбек Қожабергенұлы – тек мектеп басшысы ғана емес, жас ұрпаққа тәлім беріп, білім сапасын арттыруға зор үлес қосып жүрген ұлағатты педагог. Оның табандылығы мен кәсіби біліктілігі болашақта да талай шәкірттің жолын ашарына сеніміміз мол.
-
Фотографии
-