
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұрпақтың болашағы мен елдің ертеңі – білімді де тәрбиелі жастардың қолында. Сол жас буынға бағыт-бағдар беріп, өмірлік іргетасын қалаушы алтын бесік – мектеп. Ал мектептің жүрегі де, тірегі де – шәкірт санасына ізгілік ұялатып, білім нұрын себетін ұстаздар.
Осындай адал да абыройлы қызметті мінсіз атқарып жүрген ұстаздардың бірі – Әйтеке би ауданының Басқұдық жалпы орта білім беретін мектебінің физика-математика пәні мұғалімі Мауетекова Люба Бақытқызы. Ол білім берудегі жаңашылдығымен, шәкірттеріне деген қамқорлығымен ерекшеленіп, талай жастың жүрегіне жол тауып келеді.
Люба Мауетекова 1975 жылы 20 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Басқұдық (қазіргі Тұмабұлақ) ауылында дүниеге келген. 1993 жылы М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтқа түсіп, 1997 жылы “физика-информатика” мамандығын меңгеріп шықты.
Еңбек жолын 1999 жылы Жамбыл орта мектебінде бастаған ол 2001 жылға дейін оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Кейін Басқұдық мектебінде ұзақ жылдар бойы білім беріп, талай шәкірт тәрбиелеп келеді.
Ұстаз шәкірттерінің жетістігімен мақтана алады. Райымбек Қалибек, Гүлжанат Сахи, Аманжан Төреғали – математикадан, Ақнұр Мырзабек – физикадан жүлделі орындар иеленді. Ерқанат Кеңшілік халықаралық олимпидалардың жеңімпазы атанды. Ал Аманжан Төреғали бүгінде Еуразия ұлттық университетінің студенті.
Ұстаздың еңбегі әрдайым лайықты бағаланып келеді. 2022 жылы республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысып, Құрмет грамотасымен марапатталды. 2024 жылы облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымынан Алғыс хат алды. 2025 жылы облыстық тамыз конференциясында облыс әкімі А.Шахаровтың Алғыс хатымен және облыстық біләм және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының сыйақысымен марапатталды.
Мауетекова Люба Бақытқызы – өз ісіне адал, талапшыл, шығармашылықпен жұмыс істейтін, шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз. Ол тек білім беруші ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар көрсететін шынайы тәрбиеші, нағыз ұстаз.