
КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІСІ
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі, Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жидеқанова Ақмарал Өтеғұлқызы кәсіподақ қозғалысын дамытуға зор үлес қосып жүрген тәжірибелі маман. Оның бастамасымен аталған біліммекемесінде «Директор кубогы», «Денсаулық күні», Наурыз мерекесі, Отбасы күні, ардагерлермен кездесулер сияқты көптеген әлеуметтік маңызы бар шаралар өткізіліп келеді. 2024 жылы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымдастырған «Кәсіподақ көшбасшысы» байқауының «Белсенді кәсіподақ төрағасы» номинациясының иегері атанды.
Ақмарал Жидеқанова 1978 жылы 6 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1999 жылы Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде әдіскер болып бастап, 2000–2022 жылдары аталған колледжде кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2022 жылдан бері Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде қызмет етіп келеді.
Көп жылғы еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрінің (2016), облыс әкімінің (2018, 2021), облыстық білім басқармасының (2010, 2011, 2020, 2025) және облыстық және салалық кәсіподақ ұйымының (2025) Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, әріптестеріне үлгі бола білген ол кәсіби деңгейін жетілдіруді жалғастырып келеді. Еңбек құқығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысып, сертификаттарға ие болған.
Ақмарал Жидеқанованың ғылыми-әдістемелік еңбектері де бар. Ол «Жаңа инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігі» (2022), «Жаһанданушы әлем мен жаңа Қазақстан жағдайындағы білім берудің педагогикалық аспектісі» (2024), «Әмбепап құзыреттерді қалыптастыру: жаңа кәсіптер атласы контекстінде жұмысшы мамандықтардың болашағы» (2024) және «Колледж оқытушыларына кәсіподақ тұрғысынан қолдау жасаудың өзіндік ерекшеліктері» (2025) атты мақалалардың авторы.
Ақмарал Жидеқанованың кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті еңбек ұжымының бірлігін нығайтып, кәсіподақ қызметін жандандыруға ықпал етіп отыр. Ол өзінің білімі мен тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, әріптестеріне қолдау көрсетуде. Жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігінің арқасында Жидеқанова Ақмарал Өтеғұлқызы кәсіподақ қозғалысының беделін арттырып, ұжым сеніміне ие болған көшбасшы болып табылады.