
АҚТӨБЕДЕ ҰСТАЗДАР КӘСІПОДАҒЫ ҮЗДІКТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен бүгін онлайн жиын ұйымдастырылды. ZOOM платформасында өткен шараға облыстық кәсіподақ активі, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ мүшелері қатысты.
Басқосу барысында облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі міндеттерге ерекше назар аударды.
– Жолдауда еліміздің даму бағытына айқын бағдар берілді. Әсіресе, білім мен ғылым саласы – басты назарда. Ғылым, білім және инновацияны өзара ұштастыру арқылы ғана біз жаңа деңгейге көтеріле аламыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – болашақтың басты тетігі. Бұл бағытта арнайы министрлік құру туралы бастама уақыт талабынан туған шешім деп білеміз.
Сонымен қатар жастарға қатысты айтылған ойлар – біздің саламыз үшін маңызды. Бүгінгі жас буын елге пайда әкелетін нақты жобалар, жаңа идеялар мен технологиялар арқылы патриоттық сезімін танытуы тиіс. Ал әділеттілік пен заң үстемдігін нығайту – тұрақты қоғамның кепілі. Кәсіподақ ұйымы ретінде біз осы міндеттердің жүзеге асуына өз үлесімізді қосып, жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырамыз, – деді Раушан Серікқызы.
Жиын барысында облыстық кәсіподақ ұйымының заңгерлері қатысушылардың құқықтық кеңестер берді.
Сонымен қатар білім сапасын арттыруға үлес қосқан бірқатар педагогтарға облыстық кәсіподақ ұйымы тарапынан қаржылай сыйақы сертификаттары табыс етілді. Ұстаздар көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, ұйым жұмысына табыс тіледі.
-
Фотографии
-