
КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІСІ
Бөлебаева Райгүл Тынышбайқызы 1975 жылы Ақтөбе облысы Хромтау ауданында дүниеге келген. 1982-1992 жылдары Шалқар ауданындағы Дамбар орта мектебінде білім алып, 1997 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін үздік дипломмен тәмамдады. Еңбек жолын Ақтөбе гуманитарлық колледжінде педагогика және психология пәндерінің оқытушысы болып бастады.
2008 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының магистратурасын үздік бітіріп, педагогика және психология ғылымдарының магистрі атанды. Қазіргі таңда тәжірибелі педагог ретінде білім беру процесінде шығармашылықпен жұмыс істеп, студенттердің ғылыми-зерттеу ісіне жетекшілік етіп келеді.
Райгүл Бөлебаева – республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, «Үздік педагог», «Заманауи педагог» сынды кәсіби байқауларда жеңімпаз атанып, педагогика мен психология саласына арналған әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларын әзірлеген, ғылыми мақалалары түрлі деңгейдегі конференциялар жинақтарында жарияланып жүрген тәжірибелі ұстаз. Оның еңбегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім салалық қызметкерлері кәсіподағының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» және «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгілерімен бағаланған.
2012 жылдан бері колледж бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауда, ұжымдық шарт талаптарын орындауда белсенді қызмет атқарып келеді.
Бөлебаева Райгүл Тынышбайқызы – кәсіби білімі терең, ұстаздық еңбегін кәсіподақтық қызметімен ұштастырып жүрген, ұжым сенімін ақтаған білікті педагог әрі қоғам белсендісі.