
БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Жамбыл облысында білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен педагогикалық әдеп қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжатқа Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы және Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қол қойды.
Меморандум білім беру ұйымдарында заңнама мен педагогикалық әдеп қағидаларының орындалуын қамтамасыз етуге, педагогтердің кәсіби құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Құжат аясында тараптар бірлесе отырып педагог мәртебесін көтеру, әдептілік қағидаттарын сақтау, еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз жұмыс жағдайын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге келісті.
Атап айтқанда, Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті:
Педагогикалық әдеп пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңесші орган құрады; Педагогикалық ұжымдарға әдістемелік және кеңестік көмек көрсетеді; Заңбұзушылықтарға байланысты ұсыныстар мен қорытындылар дайындайды; Жергілікті органдарға нақты ұсыныстар енгізіп, педагог мәртебесін қорғауды қолға алады.
Білім басқармасы:
Мұғалімдердің қайта даярлығы мен біліктілігін арттыруды ұйымдастырады; Білім беру ұйымдары басшыларын тағайындау, аттестаттау, марапаттау жұмыстарын жүргізеді; Еңбек жағдайын жақсарту мен этика нормаларын сақтау бойынша шаралар қабылдайды.
Жергілікті кәсіподақ:
Сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғайды; Кәсіподақ ұйымдары арқылы заң бұзушылықтарды бақылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді; Педагогикалық әдеп бұзушылықтарының алдын алуға белсенді атсалысады; Құрметті атақтар мен марапаттарға үміткерлерді ұсынуға қатысады.
Меморандум аясында тараптар бірлесе отырып жыл сайын еңбек құқықтарын сақтау бойынша ақпарат алмасады; дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер ұйымдастырады; Ұжымдық еңбек даулары мен келіспеушіліктердің алдын алады; Қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруда бірлесіп жұмыс істейді. Сондай-ақ, жылына бір рет өзара ақпарат алмасу мен бірлескен іс-шаралар өткізу қарастырылған.
Құжат экономикалық немесе қаржылық міндеттемелер жүктемейді, ал барлық шешімдер мен бастамалар тараптардың тең құқылығы, ашықтығы және парасаттылығы негізінде жүзеге асырылады.
Мұндай үшжақты ынтымақтастық педагог мәртебесін арттыруға, білім беру саласындағы әділдік пен тәртіпті күшейтуге, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін нақты қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-