
КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ
Қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда кәсіподақ ұйымдарының атқаратын рөлі ерекше. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – еңбек заңнамасын түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары.
Осы мақсатта ҚР Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйіткілді сұрақтар» тақырыбында оқыту семинарын ұйымдастырды.
Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, келісім комиссиясының мүшелері, кадр қызметкерлері және заңгерлер қатысты. Жиын барысында еңбек шарттарын жасасу мен бұзу тәртібі, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері, жұмыс уақыты мен демалыс уақытына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға еңбек дауларын реттеу жолдары мен кәсіподақтың рөлі түсіндірілді.
Айта кетейік, келісім комиссиясының мүшелері де арнайы оқытылып, еңбек дауларын тиімді шешу тетіктерін қолдану бойынша тәжірибе алды. Сонымен қатар семинар барысында «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының мамандары қатысушыларға арнайы психологиялық “бәйге жаттығуын” өткізді. Бұл шара тыңдаушылардың көңіл-күйін көтеріп, командалық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті.
Оқыту семинарының басты мақсаты – білім саласы қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, еңбек қатынастарындағы туындайтын даулардың алдын алу. Кәсіподақ ұйымы бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Семинар соңында қатысушылар кәсіподақ заңгерлерімен пікір алмасып, көкейлеріндегі сауалдарына жауап алды.
-
Фотографии
-