
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Бала тәрбиесі – ұлт болашағының іргетасы. Осы бір жауапты да мәртебелі істің басы-қасында жүріп, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп келе жатқан жас мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Мұғалжар ауданындағы «Жансая» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Отарова Айгүл Айбекқызы.
Айгүл Отарова еңбек жолын туған ауылындағы «Балбұлақ» балабақшасында әдіскер болып бастап, 2015 жылдан бастап Қандыағаш қаласындағы «Жансая» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші қызметін атқарып келеді.
Ұстаздық – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, үлкен жүрек пен сабырды қажет ететін киелі мамандық. Айгүл Айбекқызы бұл жолды жүрек қалауымен таңдады. Ол әрбір балаға ерекше мейіріммен қарап, олардың қабілетін ашуға бар күш-жігерін жұмсайды. Заманауи әдістемелерді меңгеріп қана қоймай, тәжірибесінде тиімді қолдана біледі. Әр баланың жас ерекшелігіне сай ойындар, дамытушы іс-шаралар ұйымдастырып, білім мен тәрбие беру ісін жаңа деңгейге көтеріп жүр.
Жас маманның кәсіби ізденісі мен еңбегі жеміссіз емес. Ол Мұғалжар ауданының білім бөлімінен «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы тамыз конференциясында Алғыс хатпен марапатталды. «Мен зерттеушімін» аудандық байқауында бас жүлде иегері атанып, «Менің әдістемелік қобдишам» атты аудандық сайыста І орын алды. Сонымен қатар республикалық шығармашылық байқауларда шәкірт тәрбиелегені үшін бірнеше мәрте дипломдарға ие болды.
Айгүл Айбекқызының басты қағидасы – «Әр баланың жүрегіне жол табу». Жас болса да, тәжірибелі әріптестеріне тән байсалдылық пен кәсіби біліктілікті көрсете білген ол бүгінде әріптестерінің сеніміне, ата-аналардың алғысына, балалардың шексіз махаббатына бөленіп отыр.
Қазақ «Жас келсе – іске» дейді. Айгүл Отарова – осы сөздің шынайы көрінісі. Жүрегін балаға арнап, білім мен тәрбие ісіне бар ынтасымен кірісіп жүрген жас педагог – болашағынан зор үміт күттіретін, ұстаздық жолдың биігін бағындырар мамандардың бірі.