
АУДАНДЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖИНАЛЫСЫ
17 қыркүйек күні Маңғыстау ауданы білім бөлімінің мәжіліс залында білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен аудандық кәсіподақ жиналысы өтті. Аталған шараға аудан көлеміндегі барлық мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Аудандық білім беру мекемелерінің кәсіподақ ұйымына жетекшілік етіп келе жатқан А.Шугурова жиынды ашып, қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол өз баяндамасында кәсіподақ ұйымының негізгі міндеттері мен мақсаттарына тоқталып, ұстаздар мен білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар жайлы кеңірек мәлімет берді.
Айткүл Оңғалиқызы 2025-2026 оқу жылына жоспарланған негізгі іс-шаралармен таныстырып, білім беру ұйымдарында кәсіподақ ұйымдарының белсенді жұмыс істеуінің маңыздылығын ерекше атап өтті. А.Шугурова кәсіподақ ұйымының өткен оқу жылында атқарған жұмыстарын нақты деректермен баяндап, кейбір білім беру ұйымдарындағы оң тәжірибелерге тоқталды.
Сонымен қатар, жиналысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға ашық әрі нақты жауаптар беріп, туындаған мәселелерді бірге шешуге дайын екенін білдірді.
Жиналыс барысында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, кәсіподақ ұйымының жұмысына оң бағаларын берді. Кәсіподақ мүшелері әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін кеңейту, мұғалімдерге арналған тұрғын үй мәселесін көтеру, сондай-ақ жас мамандарды тұрақтандыруға арналған арнайы бағдарламалар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар бірлесіп жұмыс істеудің, ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын ұстанудың маңызын тағы бір рет атап өтті. Кәсіподақ ұйымының келешектегі жұмысына сәттілік тілеп, бірлік пен ынтымаққа шақырған пікірлер айтылды.
Маңғыстау ауданының білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да мұғалімдердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытында нәтижелі жұмыстар атқара беретінін жеткізді.
К.Саржанова,
Маңғыстау ауданы, Ә.Кекілбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.