
СЕМИНАР ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ АРНАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйіткілді сұрақтар» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шараға облыстағы мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кадр қызметкерлері, заңгерлер және келісім комиссиясы мүшелері қатысты. Жиын барысында еңбек заңнамасындағы өзгерістер, білім саласындағы еңбек қатынастарының өзекті мәселелері, педагогтардың құқықтық қорғалуы және еңбек дауларын реттеу жолдары сөз болды.
Семинарда Ақтөбе облыстық білім және ғылым кәсіподақ ұйымының заңгерлері Александар Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай қатысушыларға еңбек заңнамасының негізгі нормалары бойынша түсіндірме беріп, педагогикалық ұжымдарда жиі кездесетін құқықтық мәселелерді мысалдар арқылы талдады. Сонымен қатар еңбек даулары туындаған жағдайда келісу комиссиясының рөлін күшейту, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдердің заң талаптарына сай орындалуы жөнінде құқықтық кеңестер берілді.
Сондай-ақ, семинар барысында облыстық ұйымның бас маманы Айжарық Серімбетов жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына іс қағаздарын дұрыс жүргізу тәртібі жөнінде кеңінен мәлімет беріп, бағыт-бағдар көрсетті.
Семинар аясында тәжірибелі писхолог мамандар психологиялық тренинг өткізді. Қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымдары өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да педагогтарды ақпараттандыру және олардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырады.
-
Фотографии
-