
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Өскелең ұрпақты биік мақсаттарға жетелеп, бойына адамзаттық құндылықтарды сіңірген, өзін-өзі дамытатын тұлға тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Ахметова Жанаргүл Жәкешқызы.
Жанаргүл Ахметова – Ақтөбе облысы
Қобда ауданы Бегалы негізгі мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі. Ол педагогика ғылымының магистрі, педагог-зерттеуші санатына ие тәжірибелі ұстаз әрі екінші санатты басшының орынбасары. Білім саласында 22 жыл еңбек етіп келеді.
Кәсіби жолында ұстаз көшбасшылығымен, еңбекқорлығымен, адалдығымен, әріптестерімен тіл табыса білетіндігімен ерекшеленеді. Білімін үздіксіз жетілдіріп, жаңашылдыққа ұмтылып жүрген Жанаргүл Ахметова жас мамандарға тәлімгерлік жасап, көптеген шәкірт тәрбиелеп отыр.
Жанаргүл Жәкешқызы педагогикалық шеберлігі мен еңбектегі табыстары үшін 2019 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Өрлеу» БАҰО Алғыс хатымен марапатталды, 2023 жылы облыстық бастауыш сынып мұғалімдері олимпиадасында І орын иеленді, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының аудандық кезеңінде ІІ орынға, облыстық «Үздік сабақ жоспары» байқауында ІІІ орынға ие болды, ал 2025 жылы «Ақтөбе-Дарын» ӨҒТО олимпиадасының жеңімпазы атанып, «Дарын» РҒПО ұйымдастырған «ПедСтарт» олимпиадасынан ІІ дәрежелі диплом жеңіп алды.
Жанаргүл Жәкешқызының шәкірттері де түрлі деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Олар республикалық, облыстық және аудандық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, шәкірттері «Кенгуру» халықаралық математикалық ойын конкурсы, «Алтын сақа», «Бастау», «Smart оқушы» сияқты зияткерлік олимпиадаларда І, ІІ, ІІІ орындарға қол жеткізді. Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында, «Мұқағали оқулары» байқауында, «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасында жеңімпаз атанып, «Зерде» шығармашылық жобалар байқауының облыстық және республикалық кезеңдерінде жүлделі орындар иеленді. Шәкірттері арасынан «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері де шықты. Бұл жетістіктер ұстаз еңбегінің жемісі әрі шәкірттеріне бағыт-бағдар берудегі үздіксіз ізденісінің нәтижесі.
Білімі мен еңбегін шәкірт тәрбиесіне арнаған Ахметова Жанаргүл Жәкешқызы әріптестеріне үлгі, шәкірттеріне шамшырақ бола білген өз ісінің шебері.