
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінде оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты мақсаттың бірі. Соның ішінде дене тәрбиесі мен спорттық жұмыстар – мектеп өмірінің ажырамас бөлігі. Өйткені салауатты ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы Жосалы орта мектеп – балабақшасында оқушылардың денсаулығын нығайту, спортқа қызығушылығын арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бірнеше спорттық үйірме жұмыс істейді. Бұл жұмыстарға жетекшілік етіп жүрген – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жамалов Айдар Ұзақұлы.
Айдар Жамалов еңбек жолын өзі білім алған Жосалы орта мектебінде бастаған. Бүгінде 12 жылдық тәжірибесі бар, педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен спортқа деген сүйіспеншілігі оқушыларын жігерлендіріп, түрлі жарыстарда жоғары жетістіктерге жетелеуде.
2024–2025 оқу жылында оның жетекшілігімен 40-тан астам оқушы Президенттік көпсайысқа қатысып, өз нәтижелерін көрсетті. Нәтижесінде республикалық Елбасы тестілері, ХІІІ қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасы, қысқы Президенттік көпсайыс жарыстарында Ксения Шмальц, Анастасия Томчук, Илья Томчук, Андрей Мороз, Елизавета Замирайло, Милла Ботнарь жүлделі орындарға ие болды.
Бұл табыстар – ұстаз еңбегімен қатар, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылардың бірлескен жұмысының жемісі.