
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ БОЙЫНША ОНЛАЙН СЕМИНАРЛАР ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйткілді сұрақтар» тақырыбында онлайн форматта семинар ұйымдастырды.
Бұл жолы шара Алға, Мәртөк және Қарғалы аудандарындағы кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына, кадр қызметкерлеріне, заңгерлерге және келісім комиссиясының мүшелеріне арналды.
Семинар барысында еңбек заңнамасындағы өзгерістер, педагогтардың құқықтық қорғалуы, еңбек қатынастарында жиі туындайтын даулар мен оларды шешу жолдары қаралды. Сонымен қатар келісім комиссиясының мүшелеріне де еңбек дауларын реттеу тетіктері бойынша арнайы түсіндірме беріліп, олардың тәжірибелік білімдері толықтырылды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова семинардың маңыздылығына тоқталды. Ол педагогтар күнделікті еңбек процесінде түрлі құқықтық сұрақтарға тап болатынын, сондықтан мұндай семинарлар олардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, кәсіби қызметін заң талаптарына сай жүргізуіне үлкен көмек беретінін атап өтті.
Онлайн кездесуде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай қатысушыларға еңбек заңнамасының негізгі нормалары бойынша түсіндірме беріп, педагогикалық ұжымдарда жиі кездесетін құқықтық мәселелерді нақты мысалдар арқылы талдады. Сондай-ақ еңбек дауы туындаған жағдайда келісім комиссиясының рөлін күшейту, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдердің заңға сай орындалуы жөнінде пайдалы кеңестер ұсынылды.
Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заңгерлер мен кәсіподақ төрағаларынан нақты жауап алды.
-
Фотографии
-