
ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ– БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ КІШІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ
Еңбек – өмірдің мәні мен тірегі, табыстың бастауы. Адамзатқа тән еңбекқорлық , іскерлік, жауапкершілік секілді асыл қасиеттер шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Еңбекке деген құрмет - уақытпен өлшенбейтін құндылық.
Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі және қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен С.Лапин атындағы №261 орта мектебінде еңбек адамының қоғамдағы орнын дәріптеу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жас ұрпаққа еңбекке деген құрметті қалыптастыру мақсатында еңбегі ерекшеленген білім мекемелерінің кіші және техникалық қызметкерлеріне арналған «Еңбегімен елге сыйлы» тақырыбындағы салтанатты шара өткізілді.
Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Абдазиева Гүлзира Мәжитқызы өз еңбегімен дараланған, оқушылардың білім алуы мен тәрбиеленуіне өз үлесін қосып жүрген, мектеп жүрегінің үнсіз еңбеккерлерін мерекелерімен құттықтап, Алғысын білдірді. Қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің сыйлығы табыс етілді.
Жас ұрпақтың білім алуына жағдай жасап, білім беру ұйымының таза, жайлы болып, қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайын жасаған қызметкерлер керемет көңіл-күймен концерттік бағдарламаны тамашалап, өз ілтипаттарын білдірді.
Әрбіріңіз өз еңбегіңіздің игілігін көріп, еліміздің гүлденуіне үлес қоса беріңіздер! Еңбектеріңіз өнімді, мерекелеріңіз берекелі болсын!