
«ҰСТАЗДАРҒА МЫҢ АЛҒЫС!»
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жергілікті атқарушы органдарда және ұйымдарда ағымдағы жылдың 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында «Ұстазға алғыс!» атты апталық ұйымдастырылуда.
Аталған шара Жетісу жерінде жалғасып, облыстық білім басқармасының ұйтқы болуымен салтанатты қабылдау өтті. Оған білім саласында еңбек еткен ардагер ұстаздар шақырылды.
Талдықорған индустриялдық колледжінің мәжіліс залында өткен кездесуде Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Даурен Жүнісов сөз сөйлеп, барша ұстаздар қауымын төл мерекемен құттықтап, ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғысын білдірді.
Салтанатты жиында ардагер ұсаздар Жұмабала Қарабаланова, Кулай Тусипова, Галима Абишова сөз алып, қазір таңда білім саласындағы өзгерістерді айтып, ұрпақ тәрбиесі, кадр тапшылығы, директорлардың біліктіліктерін арттыру сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Кездесуде облыстық білім басқармасының басшысы Даурен Хабдолданұлы ұсыныстарды ескеріп, барлық мектептердің басшылары ардагерлермен байланыс орнатып, бірге жұмыс жасауды тапсырғанын айтты.
Шара барысында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, шәкірт тәрбиесіндегі қажырлы еңбектеріне алғыс айтты.
Салтанатты кездесудің соңында Ысқақ Еркінбек ақ батасын беріп, барлық сала ардагерлеріне Алғыс хат, гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі