
ЕҢБЕК КҮНІ МЕН ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Ақтөбе облысының Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен Еңбек күні мен Ұстаздар күніне орай Қарғалы өзенінің жағалауында ерекше спорттық шара ұйымдастырылды. өткізілді.
Жарысқа аудан мектептерінің белсенді ұстаздарынан құралған командалар қатысып, өздерінің ептілігін, ұйымшылдығын және төзімділігін сынға салды. Шараның басты мақсаты – жастардың спорттық-туристік дағдыларын дамыту, шыдамдылыққа баулу және еңбек пен ұстаз еңбегіне деген құрметті дәріптеу болды.
Шарада аудандық білім бөлімінің кәсіподақ төрағасы Гүлнар Байменшина сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.
Қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша білім-білігі мен шапшаңдығын, ұйымшылдығы мен төзімділігін көрсетті. Логикалық ойлау мен тапқырлыққа арналған тапсырмалар, командалық бірлікті нығайтатын ойындар, капитандар арасындағы сайыс және төзімділік пен шапшаңдықты қажет ететін кросс-поход ұстаздардың алғырлығын айқындады. Әділқазылар әр кезеңде қатысушылардың өнерін әділ бағалап отырды. Ұстаздар бар күш-жігерін салып, жеңіске деген жігерлілігін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бірінші орынды иеленген Жосалы орта мектеп балабақшасы командасына саяхатқа жолдама табысталды. Бұл олардың белсенді еңбегі мен ұйымшылдығына берілген лайықты баға болды.
Қарғалы өзенінің жағалауында өткен бұл сайыс қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, шара барысында қатысушылар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына үлестерін қосып, табиғатты қорғау маңыздылығын көрсетті.