
ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ
Тараз қаласындағы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония залында мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, ардагер ұстаздар мен жас педагогтар, білім саласының үздік мамандары және кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Іс-шара «Ұлы Дала ұстаздары» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Мұнан соң сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, педагогтардың ерен еңбегін жоғары бағалап, бірқатар үздік мұғалімдерді марапаттады.
- Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Білім мен тәрбиенің тұтқасын ұстап отырған сіздер – ел болашағының негізін қалаушысыздар. Сіздердің ұрпақ тәрбиелеуде, қоғамның рухани дамуын қамтамасыз етудегі еңбектеріңіз ерен. Барша ұстаздарға зор денсаулық, қажырлы еңбек тілеймін! Ұстаздар күні құтты болсын!, – деді Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде.
Мерекелік кеште алғашқы болып Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Меркі аудандық филиалының төрағасы Мадина Асанжанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Мұнан бөлек іс-шарада педагогтар ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен наградталды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен бірнеше педагог марапатталды.
Сонымен бірге биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарына да ерекше құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны атап өтілді. Мәселен, білім беру ісінің ардагер менеджері, 50 жылдық ғұмырын бір мектепке арнаған ардагер ұстаз және білім беру ұйымында ұзақ жылдар бойы әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі директор орынбасары қызметінде болған ардагерлерге 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Мерекелік бағдарламада «Бозторғай» ән-би ансамблі, «Жас дәурен» би ансамблі, «Қобызшылар» квартеті сияқты өнер ұжымдары мен Жамбыл облыстық филармониясының әншілері орындаған патриоттық әндер кештің рухын көтерді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-