
МАРАПАТ ТӨРІНДЕ – МӘРТЕБЕЛІ МҰҒАЛІМДЕР
Ақтөбедегі Өнер орталығында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты шара өтті. Бұл мерекелік жиын қоғамда ұстаздардың мәртебесін көтеру, олардың еңбегіне құрмет көрсету және жас ұрпақ тәрбиесіндегі үлесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Шара театрландырылған көрініспен ашылып, сахна төрінде ұстазға деген құрмет пен шәкірттің алғысы көрініс тапты. Көріністен кейін сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғам дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиын барысында білім беру саласының ардагерлері мен үздік педагогтарға мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табыс етілді. Олардың қатарында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі бар. Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарға «Ақтөбе облысының үздік педагогы» мен «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атақтары берілді.
Бұл марапаттар – ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегіне берілген құрметтің бір көрінісі.
Шара барысында облыстың өнер ұжымдары мен дарынды оқушылары сахнаға шығып, ұстаздарға арнаған әндері мен билерін тарту етті. Жас өнерпаздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кештің шырайын ашты. Мерекеге арнайы шақырылған танымал әнші Қуандық Рахым да сахнаға шығып, ұстаздарға жүрекжарды әнін арнап, көрермендерден зор қошеметке ие болды.
«Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты бұл шара Ақтөбе жұртшылығына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
-
Фотографии
-