
ЕҢБЕК АДАМЫ
Мектеп – адам өміріндегі ең қымбат орда болса, оның жүрегі – ұстаз. Бүгінде өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен, еңбексүйгіштігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленетін білікті ұстаздардың бірі – Хромтау ауданындағы №5 Хромтау гимназиясының география пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Жолмұратова Асыл Қабенқызы.
Асыл Жолмұратова – өз ісіне адал, білім мен тәрбие беруде талмай еңбек етіп жүрген тәжірибелі ұстаз. Ол ҚР Президенті Жарлығымен берілген «Тәуелсіздікке – 30 жыл» медалінің, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Бұл марапаттар – оның көп жылғы жемісті еңбегінің айғағы.
Асыл Жолмұратова 1975 жылдың 1 қыркүйегінде Ақтөбе облысы, Новоросей ауданы, Қызылсу ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы Қопа орта мектебінде бастауыш сыныптарға тәрбиеші-мұғалім болып бастап, кейін 2001 жылы №3 Хромтау орта мектебінде география пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 2002 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін №5 Хромтау гимназиясында ұстаздық қызметін абыроймен жалғастырып келеді.
Бүгінде Асыл Қабденқызы 32 жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнаған. Ол әр сабағын мазмұнды өткізіп, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру мақсатында инновациялық әдістерді тиімді қолданады. Әрбір оқушының жеке қабілеті мен даму ерекшеліктерін ескеріп, олардың ғылымға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерін салады. Ұстаз үшін басты мақсат – шәкірт жүрегіне жол табу, біліммен қатар адамгершілік пен өмірлік құндылықтарды дарыту.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, Асыл Жолмұратованың шәкірттері де түрлі білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Оның оқушылары аудандық, облыстық және республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Солардың қатарында облыстық «Дарын» ғылыми жобалар байқауының І дәрежелі диплом иегері Жібек Кенесары, география пәні бойынша облыстық деңгейде үздік шыққан Нұрай Тұрақбай мен Гүлайым Мұхамбеди, сондай-ақ республикалық олимпиадада жоғары нәтижеге қол жеткізген Даяна Баянова есімдері ерекше аталады. Бұл – ұстаздың тынымсыз еңбегі мен шәкірттерге деген шынайы қамқорлығының жемісі.
Асыл Жолмұратова – өз ісіне жан-тәнімен берілген, еңбекқор да жаңашыл ұстаз. Ол үшін әр шәкіртінің жетістігі – өзінің жетістігі, әр жеңісі – өзінің еңбегінің нәтижесі. Мұндай абыройлы ұстаздар бүгінгі қоғамның нағыз еңбек адамдары, ел болашағының жарқын кепілі.