
МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕЛЕРДІ ҰШТАСТЫРҒАН ШАРА
Жер жаннаты – Жетісудың табиғаты тамаша. Қарасаң көз тоймайтын көрікті жерлер көп. Оның бірі – Сарқан ауданы, Аманбөктер ауылы. Аманбөктер негізгі орта мектебінің ұйымдастыруымен Мұғалімдер күніне, Кәсіподақтар күніне және Халықаралық туризм күніне орай туристік бағыттағы жарыс ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – ұстаздар қауымының бірлігін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, табиғатпен етене байланыс орнату және кәсіби мерекелерді ерекше форматта атап өту, сонымен қатар ішкі туризмді дамыту болды.
Жарыс барысында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының маманы Жанат Мұқашев қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа 12 команда қатысып, қатысушылар әртүрлі туристік бағыттар бойынша сайысып, өз шеберліктері мен икемділіктерін, тапқырлықтары мен командалық рухын көрсетті. Ұйымдастырушылар қатысушылардың белсенділігі мен бірлігін жоғары бағалады.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Әл-Фараби атындағы орта мектебі, ІІ орынды Екіаша орта мектебі, ІІІ орынды Алтынсарин атындағы орта мектебі иеленді. Оларға Сарқан аудандық кәсіподақ филиалы және Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің демеушілігімен бағалы сыйлықтар және арнайы дипломдар табысталды.
Мұндай игі бастама ұстаздардың шығармашылық ынтасын арттырып қана қоймай, табиғатты аялауға, салауатты өмір салтын ұстануға және ұжымдық бірлікті нығайтуға ықпал етті.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-