
МЕРЕКЕЛІК ШАРАДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдығына орай «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Индер аудандық комитеті» филиалы шара өткізді. Кездесуге жұмысшы қызметкерлер, ұстаздар, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Шарада 8 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына (Махамбет, Жамбыл атындағы орта мектептерінің, «Айналайын», «Балдаурен», «Қарылғаш» балабақшаларының, Оқушылар шығармашылығы орталығы) құрмет көрсетілді. Оларға «Жыл ойшылы», «Кәсіподақ белсендісі», «Кәсіподақ жанашыры», «Жыл креативі» номинациялары тапсырылды.
Құттықтау сөз сөйлеген «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының және облыстық ұйымның марапатарын ұстаздар пен жұмысшыларға табыс етті.
Салтанатты шара барысында білім беру саласының ардагері, Индер ауданының Құрметті азаматы, «КСРО және ҚазақССР халық ағарту ісінің үздігі» төс белгілерінің иегері, ұлағатты ұстаз Төлеш Тлекқабылов атындағы «Жылдың үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» жүлдесі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің «педагог- сарапшы» мұғалімі Кенжеалиев Қайырбек Жеңісұлына берілді.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай білім саласында еңбек етіп жүрген 17 техникалық қызметкерге төраға Қалжан Ахметова құттықтау хат пен сыйлықтарын сыйлады. Ұстаз зейнеткерлер де назардан тыс қалмады. Еңбек жасаған жылдарында мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымына жетекшілік еткен, комитет мүшесі болып, оның жұмысына белсене араласқан Р.Сатаева, Г.Уразбаева, Г.Мұханғазиналарға «Манкент», «Мерке» шипажайларына тегін жолдама берілді.
Кеш барысында «Ашық микрафон» тақырыбымен әрбір үстел арасында шоу ұйымдастырылып, қонақтар тілек айтып, ортақ ән шырқады.
Атырау облыстық ұйымы