
САЙРАМДА ҰСТАЗДАР СПАРТАКИАДАСЫ
Түркістан облысы білім басқармасының Сайрам ауданының білім бөлімі мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымына мүше «Шапағат-педагог» білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен дәстүрлі аудандық мұғалімдер спартакиадасы өз жалауын көтерді.
Бұл игі шараның басты мақсаты – білім беру ұйымдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, әрі ұжымдық бірлікті нығайту болып табылады.
Спартакиада бағдарламасына спорттың бес түрі енгізілген: волейбол, үстел теннисі, футзал, асық ату, бес асық және тоғызқұмалақ. Жарыстың алғашқы турнирі футзалдан өтті. Әр округтің құрама командалары жеңіс үшін бар күшін салды.
Жарыстың салтанатты ашылуы мен марапаттау рәсіміне “Шапағат-педагог” білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрайымы Г.Тлеубердиева арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарды марапаттады.
Нәтижесінде:
І орын – Қарабұлақ ауылдық округі мектептерінің құрама командасы,
ІІ орын – Арыс ауылдық округі мұғалімдерінің командасы,
ІІІ орын – Қарасу және Қайнарбұлақ ауылдық округтері мектептерінің командасына бұйырды.
Мұғалімдер арасындағы бұл спорттық дода алдағы күндері өзге спорт түрлері бойынша жалғасын табады. Ұстаздардың ынтымағын арттырып, салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған осындай іс-шаралар – қоғамға үлгі боларлық бастама.