
ЕҢБЕК АДАМЫ
Мұғалімдік мамандық - жауапкершілігі зор, ұрпақ тәрбиелеу мен қоғам дамуының негізін қалаушы ұлы кәсіп. Сол мамандықтың мәртебесін биік ұстап, шәкірт жүрегіне жол таба білген абзал ұстаздардың бірі – Мұхтар Атлас Әбдіхайдарұлы.
Мұхтар Атлас Әбдіхайдарұлы 2006 жылдан бері Атлас Мұхтар Ырғыз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде гір спортынан жаттықтырушы болып қызмет атқарып келеді. Оның баптаған шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Мұғалімнің еңбегі мен ерен еңбегінің нәтижесінде 3 спорт шеберлігіне үміткер, 1-разрядты 42 спортшы, 2-разрядты 74 спортшы, және 3-разрядты 100-ден астам жасөспірім спортшы даярланған. Ал қол күресінен дайындалған оқушылары облыстық және республикалық деңгейдегі сайыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
Өзі де спорттың нағыз жанашыры ретінде гір спортынан спорт шеберлігіне үміткер, ҚР ұстаздар арасындағы спартакиаданың үш дүркін чемпионы, облыстың бірнеше мәрте чемпионы атанған. Сондай-ақ қол күресінен ардагерлер арасында да облыс чемпионы деген атаққа ие.
Мұхтар Атлас Әбдіхайдарұлы өзінің бай тәжірибесі мен білімін әріптестерімен бөлісіп, түрлі семинарлар мен конференцияларда денешынықтыру мен спорт саласындағы өзекті мәселелер бойынша баяндама жасап келеді. Оның мақалалары мен әдістемелік еңбектері республикалық және облыстық басылымдарда жарияланған. Сонымен қатар, «Ауыр атлетика мен гір спортын мектептерде дамыту» атты авторлық бағдарламасы жарық көріп, жас мамандар мен ұстаздарға үлгі болып отыр.
«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деген қағиданы өмірлік ұстаным еткен Мұхтар Атлас Әбдіхайдарұлы еңбегімен ел құрметіне бөленген ұстаз, шәкірт жүрегіне жол таба білген нағыз еңбек адамы. Осындай абзал азаматтардың қажырлы еңбегі мен үлгілі өмірі жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз…