
КӘСІПОДАҚ – ҚОЛДАУШЫ
Мен жас маманмын. Еңбек жолымды осыдан жеті жыл бұрын өзімнің туған Талшық аулымның «Балдырған» балалар бөбекжай бақшасында тәрбиеші болып бастағаннан бері кәсіподақ ұйымының мүшесімін. Бұл жылдар мен үшін тек ұстаздық тәжірибемнің қалыптасу кезеңі ғана емес, қоғамның белсенді азаматы болып қалыптасу жолындағы үлкен мектеп болды.
Уақыт өте келе мен «Балдырған» бөбекжайының кәсіподақ ұйымының төрайымы атанып, оның шынайы қолдауын сезіндім. 2021 жылы аудандық кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған «Үздік кәсіподақ басшысы» байқауында жеңімпаз атанып, «Discovery Borovoe» сауықтыру кешенінде демалу мүмкіндігіне ие болдым. Мұндай сәттер мені одан әрі ынталандырып, ұйымның қоғамдағы рөлін терең түсінуге жетеледі.
Жыл сайын әріптестеріммен бірге кәсіподақ ұйымдастырған қайырымдылық шараларына қатысып, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, қариялар күніне арналған мерекелік кездесулер ұйымдастырамыз. Бұл — мен үшін рухани байлық пен адамдық борыштың айғағы.
Кәсіподақ бүгінде мен үшін жай ғана ұйым емес, үлкен отбасы, ортақ мүддені көздейтін қауым. Ондағы әр іс-шара мені жетілдіріп, көзқарасымды кеңейтеді. Өз шәкірттерімді де қоғамдық істерге араластырып, экологиялық және қайырымдылық акцияларына тартуға тырысамын. Өйткені кәсіподақтың басты ұстанымы – тек еңбек құқығын қорғау ғана емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Болашақта кәсіподақта жастарға арналған жобалар арта түсетініне сенемін. Әсіресе жас мұғалімдерге кәсіби даму, әлеуметтік қолдау мен тәжірибе алмасуға бағытталған бастамалар қажет. Мен өз болашағымды еліммен де, кәсіподақ ұйымымен де тығыз байланыстырамын. Себебі еңбек адамының еңбегі еленген қоғамда әділет пен тұрақтылық орнайды.
Мен үшін кәсіподақ – өткеннің өнегесін сақтап, бүгінгі күнге серпін беріп, болашаққа сенім ұялататын ұйым.
Ал жас ұстаз ретінде сол сенімді алға апару – менің ең басты борышым.
Н.Темірғали,
Талшық орта мектебі БКҰ төрағасы