
ЖАНҒА ЖЫЛУ, ЖҮРЕККЕ ШАБЫТ СЫЙЛАҒАН КҮН
Қоғамның дамуы мен өркендеуінде ұстаздардың орны ерекше. Ұстаз болу – жүректің таңдауы, ұлттың ертеңіне жол ашатын қасиетті міндет. Ұстаз – үміттің шамшырағы, шәкірттің арманын қанаттандыратын тұлға. Ұстаздың әр сөзі – шабыт, әр ісі – болашаққа жол. Қанша қиындық болса да, ұстаздың мейірімі мен рухы таусылмайды, керісінше талай жанға жігер сыйлайды. Сол себепті ұстаздың рухани саулығын сақтау – қоғамның дамуына тікелей әсер етеді.
Жақында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы ҚБ Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектебінде ұстаздарға арналған «Шаршаған жанды шабыттандыр» атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – мұғалімдердің эмоционалдық күйін жеңілдету, ішкі шабытын арттыру және кәсіби күйіп кетудің алдын алу. Іс-шараға мектеп директоры Бибігүл Бөрібайқызы, директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Зулфия Мақұлбекова, мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері қатысты.
Тренинг барысында қатысушылар «Жанымның шамы» атты мотивациялық танысу сәтінен бастады. Шығармашылық тапсырмалар орындап, «Мұғалімдерге мотивация» бейнеролигін тамашалады. Сергіту сәтінде ұйымдастырылған «Кім епті?» ойыны ұжымның көңілін көтеріп, жағымды эмоциялар сыйлады. Бұл сәттер ұстаздардың бойындағы сенімділікті арттырып, өз күшіне деген сенімін бекемдей түсті.
Іс-шара соңында ұстаздар «Ұстаз ағашы» арқылы әсерлерін бөлісіп, бір-біріне шабыт пен қолдау сөздерін арнады. Жылы жүздер, қуанышты күлкілер мен ортақ мақсат – бұл тренингтің ең үлкен нәтижесі болды. Мұндай бастамалар ұстаздарға жаңа күш-қуат, сенім мен шабыт сыйлап, ұлт болашағы үшін аянбай еңбек етуге серпін береді.
Ұстаздың қуанышты жүзі – ұлт болашағының жарқын кепілі!
-
Фотографии
-