«АБАЙ МҰРАСЫ – ЖАС ҰРПАҚҚА ТАҒЫЛЫМ»: МЕКТЕПТЕГІ ЧЕЛЛЕНДЖТІҢ МӘНІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы ҚБ Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы білім беретін мектебінде кәсіподақ мүшелері ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу мақсатында «Абай мұрасы – мәңгілік» атты челлендж өткізді.
Іс-шара барысында қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің ұстаздары мен бастауыш сынып мұғалімдері Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, оның даналыққа толы ойларын, өмірлік ұстанымдарын жастарға үлгі етті.
Абайдың мұрасы – халқымыздың рухани байлығы, ұлттық тәрбиенің тұғыры. Мектеп ұжымы бұл челлендж арқылы ұлы тұлғаның мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа адамгершілік, парасаттылық пен ізгілік жолын насихаттауды көздеді.
Абайдың «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлағатты сөзі бүгінгі ұстаздардың да ұстанымына айналғандай.
Олар дана ақынның мұрасын жаңғыртып, оның өнегесін шәкірт жүрегіне жеткізуде.
Бұл бастама – ұстаздар қауымының бірлігі мен шығармашылық белсенділігінің көрінісі, руханиятты дәріптеудің айқын үлгісі.
Кентау қалалық кәсіподақ комитеті мұндай мәдени-ағартушылық шараларды қолдай отырып, ұстаздардың рухани әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды сақтауға атсалыса береді.