
АҚТӨБЕДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТУДА
Ақтөбе облысының білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік өз жемісін беріп келеді. Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде болып, жуырда қол қойылған екіжақты келісім аясындағы жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар педагогтардың құқықтарын қорғау, еңбек қатынастарында әділдік пен заңдылықты сақтау, сондай-ақ педагогикалық әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті дамытудың тиімді жолдары, сала қызметкерлерінің кәсіби және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау тетіктері қарастырылды.
Айта кетейік, 2025 жылдың 9 қазанында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова мен Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева өзара тиімді ынтымақтастық орнату жөніндегі келісімге қол қойған болатын.
Келісімнің басты мақсаты – білім беру ұйымдарында қолданыстағы заңнама мен педагогикалық әдеп қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Кездесу барысында тараптар педагогтардың өтініштері мен шағымдарын қарау, еңбек дауларының алдын алу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түсіндіру және әдістемелік қолдау көрсету бағытында бірлескен жұмыстарды үйлестіру мәселелері бойынша нақты жоспарлар жасады.
Аталған кездесу екі ұйым арасындағы келісімнің нақты іске асып жатқанын көрсететін маңызды қадам. Бұл өңірдегі педагогтардың мәртебесін арттыруға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы болды.
-
Фотографии
-