ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Ұстаздық – мамандық атаулының ең абыройлысы әрі жауаптысы. Заманауи білім беру жүйесінде шәкірт тәрбиелеу ісі жаңашылдық пен ізденісті талап етеді. Себебі, бүгінгі қоғам – бәсеке заманы, ал бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін ұстаз да уақыт талабына сай болуы тиіс. Осындай ұлы міндетті абыроймен атқарып жүрген ұстаздардың бірі – Шалқар қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аманбаев Айдын Аманбайұлы.
Айдын Аманбаев еңбек жолын 2019 жылы бастаған, сол жылдан бері мектепте абыройлы қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, ол білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде де танылған.
Айдын Аманбайұлы – аудан жастары арасында да белсенді азаматтардың бірі. Еңбегі мен қоғамдық белсенділігі ескеріліп, 2020 жылы «Республикалық үздік жас маман», «Үздік волонтер» және «Үздік жас сақшы» төсбелгілерімен, А.Байтұрсынұлы атындағы IV республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталған. 2022 жылы облыс әкімі «Үздік көшбасшы» номинациясы бойынша дипломын иеленіп, облыстық пәндік олимпиадада ІІ орынға ие болды. Ал 2024 жылы аудандық «Үздік жас маман – 2024» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Бүгінде Айдын Аманбаев туған жеріндегі білім беру саласының дамуына өз үлесін қосып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ізденімпаз, еңбекқор, жаңашыл ұстаздың басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, білімді, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу.