ТЕМІР АУДАНЫНДА ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ
Жұмысшы мамандықтар жылы мен Республика күні мерекесі аясында Темір ауданында білім саласында қызмет етіп жүрген техникалық қызметкерлерге арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара Кенкияқ өңірінде ұйымдастырылып, еңбек адамын ұлықтауға бағытталды.
Мерекелік жиынды Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы өткізді. Шара барысында ауданның білім беру ұйымдарында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан кәсіподақ мүшелері марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында «Зере», «Ақбота», «Еркем-ай», «Алақай» балабақшалары мен Кенкияқ музыка мектебінің қызметкерлері бар.
Салтанатты басқосуда 90-ға жуық техникалық қызметкер аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталып, сондай-ақ қаржылай сертификаттарға ие болды.
Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері өз сөздерінде еңбек адамын қолдау мен олардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Сонымен қатар, сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту кәсіподақ қызметінің басты басымдығы болып қала беретіні айтылды.
Бұл шара – еңбек адамының қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын, олардың адал еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі болды.