ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПОДАҚТЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында салалық кәсіподақ ұйымдарындағы әлеуметтік әріптестік қатынастарының дамуы, ұжымдық шарттардың орындалу барысы, құжаттардың жүргізілуі мен сақталуы, алқалы органдардың жұмысы және кәсіподақ мүшелерін оқыту мәселелері жан-жақты қаралды.
Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков Сарысу, Талас, Меркі және Қордай аудандарында әлеуметтік әріптестік қатынастар мен ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы зерделеу қорытындысымен таныстырып, әлеуметтік әріптестік актілерінің орындалуын бақылауда ұстау, кәсіподақ өкілдерінің ұйымдардағы тарификациялық, педагогтерді аттестаттау, жұмыс орындарын аттестаттау, еңбек қорғау жөніндегі, Әдеп және Өндірістік кеңес және өзге де комиссиялар жұмысына қатысуын және олардың біліктілігін арттыру қажеттігін тапсырды.
Жиында Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекторлары да есеп берді. Шу ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Елдана Тілеужан жыл басынан бері білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының сақталуы бойынша 61 қоғамдық бақылау жүргізіп, 212 заң бұзушылық анықтаған. Барлығы 61 тоқтам жасалып, 49 жұмыс берушіден жауап алынған. 2025 жылы білім беру ұйымдарындағы қызметтік бөлмелерді тазалаушыларға сауықтыру жәрдемақысы мен қосымша 6 күн ақылы демалыс төленбеген себепті еңбек инспекциясымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 323 қызметкерге 32 467 637 теңге көлемінде жәрдемақы мен қосымша демалыс ақысы төленген.
Ал Қордай ауданы бойынша инспектор Бауыржан Алпысбаев қоғамдық бақылау аясында 2024 жылы 42 тексеріс, 2025 жылдың 10 айында 61 тексеріс жүргізіп, барлығы 143 заң бұзушылық анықтаған. Инспектор өткен жылы кәсіподақ мүшелеріне 404 құқықтық қызмет, 2025 жылдың 10 айында 407 құқықтық қызмет көрсеткен.
Тараз қаласы бойынша Арман Стыбаев 141 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 16 103 кәсіподақ мүшесіне есепті кезеңде 1424 құқықтық қызмет көрсеткен. Оның ішінде, 205 жазбаша өтініш, 1202 адамға құқықтық кеңес берілсе, оның 749-ы жеке қабылдауда жүзеге асырылған. 10 айда кәсіподақ мүшелерінің өтініштері негізінде 5 талап арыз және 6 процессуалдық құжат сот органдарына жолданған.
Алқалы жиында ұйымның бас маманы Сандуғаш Шымырқұлова Сарысу, Талас, Меркі, Қордай, Жамбыл аудандары мен Дулати университеті, Тараз қаласы филиалдарында құжаттардың жүргізілуі мен сақталуы, алқалы органдардың жұмысын ұйымдастыру, ал аппарат басшысы Бейбіт Бекназаров кәсіподақ мүшелерін оқыту мен ақпараттық жұмысты жетілдіру туралы баяндады.
Бұдан бөлек Атқару комитетінде 2026 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен сауықтыру жұмыстары пысықталды. Сондай-ақ, 2026 жылға кәсіподақтық және салалық баспасөзге жазылым мәселесі сөз болып, «Еңбекші» газеті ұйымдастырған «Тарихқа - тағзым, болашаққа - сенім» атты мақалалар байқауының барысы пысықталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-