«ӨНЕРЛІ ҰСТАЗ – 2025» ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Кентау қаласы білім беру ұйымдарының жас мұғалімдері арасында дәстүрлі «Өнерлі ұстаз – 2025» қалалық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Байқау Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гимназиясының акт залында өтіп, оған қала мектептерінен 40 жасқа дейінгі өнерге бейім, шығармашыл ұстаздар қатысты.
Биылғы сайысқа барлығы 24 ұстаздың ішінен 15 мұғалім іріктеліп, өзара бақ сынасты. Байқау үш кезеңнен тұрды:
1-кезең – «Таныстыру»,
2-кезең – «Ситуациялық сұрақтар»,
3-кезең – «Өз өнері».
Қатысушылар алғашқы кезеңде бейнеролик арқылы өздерін шығармашылық тұрғыда таныстырып, екінші кезеңде әділқазылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезеңде ұстаздар өз өнерлерін ортаға салып, аспапта ойнап, ән шырқап, шәкірттерімен бірге сахнада әсерлі өнер көрсетті.
Байқаудың әділқазылар алқасы құрамында Білім бөлімінің әдіскері Омаров Ерлан, №1 мектеп-гимназия директоры Бахалиева Гүлшат, №14 Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының музыка пәні мұғалімдері Жусупова Күлайша мен Усенов Әділбек, сондай-ақ Исаков Шухрат болды.
Әділқазылар шешімімен:
І орын – Ақынтұма атындағы №11 мектептің мұғалімі Хамидов Хусниддин;
ІІ орын – №4 Ататүрік атындағы мектеп-лицейдің ұстазы Ибаділлә Бағлан;
ІІІ орын – №1 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Орынбасар Айдана иеленді.
Сонымен қатар ерекше өнерімен көзге түскен ұстаздар арнайы номинациялармен марапатталды:
№6 А.С. Пушкин атындағы мектептің мұғалімі Серікбай Асанәлі – «Өмірін сазбен өрген ұстаз»; С.Бәйтереков атындағы балалар саз мектебінің ұстазы Утембаева Аружан – «Сазды жүрек иесі»;
№9 С.Қожанов атындағы мектептің мұғалімі Мұхан Айжан – «Өнермен өмірін өрген ұстаз» номинацияларына ие болды.
Барлық қатысушылар Кентау қалалық білім беру бөлімі тарапынан дипломдармен және Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитеті тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кентау қалалық кәсіподақ комитеті ұстаздардың еңбегін ұлықтап, олардың шығармашылығын қолдауға әрдайым атсалысып келеді. Бұл жолы да кәсіподақ тарапынан көрсетілген демеушілік пен рухани қолдау қатысушылардың шабытын арттырып, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне өз септігін тигізді.
Өнер мен ұстаздықты қатар өрген мұғалімдеріміздің еңбегі жас ұрпақтың жүрегіне жол таба берсін!