ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Жұмабеков Ербол Ерғабылұлы – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы оқушылар үйінің «Бейнелеу өнері» үйірмесінің шығармашылыққа жаны жақын, ізденімпаз қосымша білім беру педагогы. Ол бейнелеу өнерін оқытуда заманауи әдістер мен жаңа технологияларды шебер қолдана отырып, оқушыларымен жылы қарым-қатынас орната біледі. Ұлттық өнер мұрасын қазіргі талаптарға сай жаңаша ұсыну, ою-өрнек пен сәндік-қолданбалы өнерді шығармашылық тұрғыда меңгертудің тың үлгісін жасаған ұстаз.
2024 жылы өнер - білімін жетілдіру жолындағы табандылығы мен тәжірибелік ізденісінің нәтижесінде «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының республикалық кезеңінде «Сабақ аяқталған соң...» бағыты бойынша ІІІ орын, 2025 жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде «Мәдениетаралық сауаттылық» аталымы бойынша жүлделі І орын иеленді. Бұл жетістік Ербол Ерғабылұлының кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, еңбегі еленіп, «Біркөлік» шипажайына арнайы жолдамаға ие болды.
Ұстаздың табысы — үздіксіз ізденіс, мақсатқа адалдық және шәкірттерінің болашағына жасаған үлкен үлесі. Өнерге баулу жолындағы еңбегіңіз әрдайым жемісін беріп, шығармашылығыңыз шыңдала берсін!