ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ
Ұстаз – адам жанының бағбаны, өмірдің қиын да қызықты жолында бағыт-бағдар беруші, жүрекке нұр құятын ақыл мен парасаттың шамшырағы. Осындай ұлағатты жолды жүрек қалауымен таңдап, жас та болса білім саласына жаңашылдық әкеліп, шәкірт тәрбиелеуде ерекше еңбек етіп жүрген педагогтердің бірі – Ақтөбедегі № 6Хромтау гимназиясының тарих-география пәнінің мұғалімі Жұмағали Асхат Бөгенбайұлы.
Жұмағали Асхат Бөгенбайұлы 2022 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетін “География-тарих” мамандығы бойынша аяқтап, дәл сол жылы еңбек жолын №6 Хромтау гимназиясында мұғалім болып бастады. Жас маман бола тұра, Асхат Жұмағали өзінің кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін айқын көрсетіп келеді.
Асхат Жұмағали – өз ісіне шын берілген, шәкірттерінің бойына біліммен бірге жігер, шабыт, ізгілік дарыта білетін жас ұстаз. Сабақтарын заманауи әдістермен түрлендіріп өткізуі, әр оқушының қабілетін ашуға бағытталған жұмыстары – оның педагогикалық шеберлігінің дәлелі.
Жұмағали Асхат Бөгенбайұлы қысқа уақыт ішінде кәсіби шеберлігін дәлелдеп, 2022 жылы республикалық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» конкурсының аудандық кезеңінде І дәрежелі дипломға ие болып, 2023 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде ІІ дәрежелі, облыстық кезеңінде І дәрежелі дипломды иеленді, сондай-ақ республикалық кезеңге қатысып, сертификатқа қол жеткізді. Шәкірттері де түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың аудандық, облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісті екенін дәлелдеуде.
«Жас келсе – іске» демекші, жас ұстаздың әр қадамы мен жетістігі – білім саласының дамуына қосылған үлес. Жұмағали Асхат Бөгенбайұлы – болашағынан зор үміт күттіретін, шәкірт жүрегіне жол таба білген жас маман.