БІЛІКТІ МАМАН
Ақтөбе облысының Хромтау аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі, кәсіподақ мүшесі Барикова Гүлжаз Советқызы – саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне, педагогтардың кәсіби дамуына арнап келе жатқан білікті маман. Гүлжаз Барикова ерте жастан педагогика саласына қызығушылық танытып, өз өмірлік жолын осы бағытқа арнауды мақсат етті.
Гүлжаз Барикованың жалпы еңбек өтілі — 36 жыл. Оның он жеті жылы Хромтау аудандық білім бөлімімен тығыз байланысты. 2008 жылдан бастап әдіскер болып қызмет атқарған ол 2019 жылы әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы кезеңдер ішінде ол аудан педагогтарының кәсіби шеберлігін арттыруға, білім сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстарды жүзеге асырды.
Жұмысындағы ұқыптылық, талапшылдық, әділдік, шығармашылық көзқарас пен жылдам шешім қабылдау қабілеті – оның кәсіби болмысының айқын көрінісі. Ұжымда беделді, әріптестеріне қолдау көрсете білетін, мәдениеті жоғары маман ретінде танылған ол білім саласындағы жаңалықтарды үнемі зерделеп, оны тәжірибеге енгізуге ұмтылып отырады.
Адал еңбек пен табанды ізденіс ешқашан елеусіз қалмайды. Гүлжаз Барикова да өзінің жемісті жұмысының нәтижесінде көптеген марапаттарға ие болды. 2023 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және облыстық әдістемелік орталықтың Алғыс хатымен марапатталды. 2024 жылы Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаты, «Өрлеу» кәсіби даму институтының Алғыс хаты мен «Ақтөбе–Дарын» орталығының Құрмет грамотасын иеленді. 2025 жылы Хромтау ауданының 90 жылдығына арналған төсбелгі және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Бұл марапаттар – оның қоғамға сіңірген еңбегінің, кәсіби шеберлігінің, адалдығы мен талабын танытатын айқын дәлел.
Гүлжаз Барикованың бойындағы адамгершілік, қарапайымдылық, шәкірт пен ұстазға деген шынайы қамқорлық, өз ісіне деген риясыз қызмет – оны ерекше құрметке лайық тұлға етеді.
Ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбегі мен ізгілікті істері жалғасын тауып, жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.