БАСТАУЫШ БІЛІМНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Бастауыш білімнің бастауы – әрбір баланың әлемді танып-білуін, өмірге деген қызығушылығы мен құштарлығын арттыратын ерекше маңызды кезең.
Мектептегі бастауыш сынып мұғалімдері – болашаққа сенімді қадам басатын, білімге ынталы, шығармашыл ұрпақты тәрбиелейтін шебер бағыттаушылар.
Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты М. Қашғари атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімдері осы білім баспалдағын мықты қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Олар әрбір оқушының жеке қабілетін ашуға, білімге деген қызығушылығын оятуға, өзіне деген сенімін нығайтуға бар күш-жігерін салады. Осылайша болашақтың табысты тұлғаларын тәрбиелеуге зор үлес қосуда.
Ұстаздарымыз жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да үлкен мән береді. Сабақ барысында заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың ойлау, іздену, талдау және өз ойын еркін жеткізу дағдылары қалыптасады. Мұндай тәжірибе білімді тек қабылдап қана қоймай, оны өмірде қолдана білуге үйретеді.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің басты мақсаты – әрбір баланың бойында білімге деген сүйіспеншілік, өзіне деген сенімділік пен шығармашылық әлеуетін дамыту. Бастауыш кәсіподақ ұйымы педагогтардың кәсіби шеберлігін қолдай отырып, сапалы білім беру ісінің дамуына барлық жағдай жасайды.
Бастауыш білім – өмірдің қайнар бұлағы. Ал біздің ұстаздар – сол бұлақты мөлдір, таза әрі мол ететін жанкешті де ұлағатты тұлғалар.