ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ ФОРМАТТАҒЫ ШАРА
Қоғамдағы әйелдің орны – ерекше құрмет пен жауапкершілікті қажет ететін тұғырлы мән. Әйел – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі, қоғам дамуының белсенді мүшесі. Бүгінгі таңда гендерлік теңдікке бағытталған мемлекеттік бастамалар әйелдердің әлеуметтік, кәсіби және қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтып, олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беріп отыр. Әйелдің еңбегі – тек бір саламен шектелмейтін, өмірдің барлық қырын көркейтетін қуат көзі.
Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Қарнақ жалпы білім беретін мектебінде әйел ұстаздарға арналған ерекше форматтағы «Challenge: Ұстазға сұрақ» – «Сіз жұмысқа кім үшін келіп, еңбек етесіз?» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл сұрақ қарапайым көрінгенімен, оның астарында үлкен мән жатыр. Біз осы арқылы ұстаздық жүректің түбіне үңіліп, ұстаздарды алға жетелейтін шынайы күшті байқап көрдік.
Әр ұстаздың жауабы мейірім мен терең ойға толы болды. Бірі – отбасы үшін, бірі – шәкірті үшін, енді бірі – баласының ертеңгі жарқын болашағы үшін еңбек ететінін айтты. Әрбір жауаптан жауапкершілік пен шексіз қамқорлықтың, арманға жетелейтін ішкі құлшыныстың иісін сезуге болады. Өйткені ұстаздың еңбегі – болашаққа қалдырылған ең нұрлы із, ал әрбір шәкірттің жүрегінде мәңгі сақталатын жылылықтың бастауы.
Жобаның негізгі мақсаты – ұстаздардың ішкі мотивациясын оятып, мамандыққа деген сүйіспеншілігін тереңдету, оқушы мен мұғалім арасындағы рухани байланысты нығайту, сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеу. Сіздердің әрбір еңбектеріңіз – бір жүректің оянуына, бір арманның орындалуына себеп.
Еңбектеріңіз жана берсін, құрметті ұстаздар!