ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұрпақ тағдырын қалыптастыратын, қоғамның рухани тірегі. Осы бір қасиетті мамандықты өмірлік мұрат етіп, жарты ғасырға жуық уақытын білім мен тәрбие ісіне арнаған жан – Мейрамкүл Райымбаева.
Мейрамкүл Раймыбаева бала кезінен ұстаздық жолға құштар болып өсті. 1978 жылы Қаракөл орта мектебін тамамдап, 1979–1984 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтында химия және биология пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шықты.
Еңбек жолын 1984 жылы Қарабұтақ ауданындағы Талдық орта мектебінде бастаған ол 1997–2010 жылдары Хромтау қаласындағы №3 қазақ орта мектебінде, 2010–2020 жылдары №6 Хромтау гимназиясында қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де педагогикалық қызметін тоқтатпай, 2020–2024 жылдары сол гимназияда жұмысын жалғастырды. 2024 жылдан бастап Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатында биология пәнінен сабақ беріп, педагог-зерттеуші біліктілік санатымен 47 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз ретінде қызметін жалғастырып келеді.
Шәкірт тәрбиелеуде талапшылдығымен, әділдігімен, ұқыптылығымен және шығармашылық көзқарасымен ерекшеленетін Мейрамкүл Райымбаева ұжымда сыйлы, әріптестеріне әрдайым қолдау көрсететін, кәсіби жаңалықтарды ұдайы зерттеп, тәжірибеге енгізетін жаңашыл ұстаз ретінде танымал.
Мейрамкүл Райымбаева «Жас биолог», «Алхимик» және «Үздік слайд» сияқты түрлі сайыстарға оқушыларын дайындап, жоғары нәтижелерге жеткізіп жүргені үшін марапатталды, «Биолог анықтамалығы» және «Химик анықтамалығы» журналдарының Белсенді авторы атанды, «Үздік слайд – 2016» республикалық байқауында III дәрежелі диплом мен медаль иегері болды. Сондай-ақ оның ұстаздық еңбегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ақтөбе облысы әкімдігінің «Ең үздік химия пәнінің мұғалімі» атағымен және 100 000 теңгелік сыйақысымен, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік орталығының алғыс хаттарымен, Білім саласы бақылау департаментінің Алғыс хаттарымен, Республикалық ұстаздар сайтының Құрмет грамотасымен, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хатымен және Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының Құрмет грамотасымен бағаланған.
Мейрамкүл Райымбаева – ұстаздық жолға адалдығымен, шәкірт тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесімен дараланған нағыз еңбек адамы. Оның өнегелі ғұмыры мен кәсіби жолы – жас мамандарға үлгі, ұрпаққа аманат.