ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері арасында кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған байқау ұйымдастырылды. Аудан мектептерінің үздік педагогтары қатысқан бұл сайыс барысында ұстаздар өз әдістемелік дайындықтарын, пәнді оқытудағы жаңашыл тәсілдерін және әскери-техникалық білім берудегі тәжірибелерін ортаға салды.
Бәсекелі өткен байқауда Қандыағаш қаласы №3 жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Дәурен Сүйіндіков бас жүлдені жеңіп алды. І орын Қандыағаш қаласы №2 жалпы білім беретін орта мектептің педагогы Қайрат Әлібаевқа бұйырды. Ал ІІ орын Ақкемер жалпы білім беретін орта мектептен Данияр Қожаниязов пен Қандыағаш қаласы №5 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Нұрлан Медеубаевқа берілді. ІІІ орын Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің ұстазы Еламан Бақтығали мен Құмажарған жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының мұғалімі Бекболат Бахитқа табысталды.
Жүлдегерлер Мұғалжар аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталып, олардың еңбегі лайықты түрде бағаланды.
Аталмыш дода ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға, тәжірибе алмасуына және алғашқы әскери дайындық пәнінің маңызын насихаттауға өз үлесін қосты.