КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Келісу комиссиясы мүшелерін оқыту – еңбек қатынастарындағы дауларды тиімді шешудің, тараптар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың және құқықтық мәдениетті арттырудың маңызды тетігі. Осы мақсатта Оқу -ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің "Жетісу" жергілікті кәсіподағы арнайы бастама көтеріп, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келіссөз жүргізу мәдениетін дамытуға бағытталған оқыту шараларын қолға алды.
Бастама аясында алғашқы семинар Ескелді ауданында ұйымдастырылды. Оған білім мекемелері келісу комиссиясының мүшелері, кәсіподақ жетекшілері және білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Семинар барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, кәсіподақ тарапынан атқарылған жұмыстарды таныстырды. Ал, облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер- кеңесшісі Әсет Қайырхан семинар қатысушыларына еңбек дауларының түрлері, оларды шешу тәртібі, келіссөз жүргізу әдістері, медиация элементтері және тараптардың жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Мамандар нақты жағдайлар бойынша мысалдар келтіріп, тәжірибелік тапсырмалар арқылы дауды конструктивті түрде шешудің жолдарын көрсетті.
Келесі кезекті оқыту жұмысы Текелі қаласында жалғасын тапты. Мұнда да кәсіподақ өкілдері мен келісу комиссиясының мүшелері белсенді қатысып, еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді талқылады. Тыңдаушыларға келісу комиссиясының рөлі, заңнамалық өзгерістер, хаттама жүргізу тәртібі, комиссия шешімдерінің заңдық күші секілді маңызды аспектілер түсіндірілді. Семинар диалог пен пікір алмасу форматында өтіп, қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік берді.
Кәсіподақтың бұл бастамасы – жұмыс орындарында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Оқыту нәтижесінде келісу комиссияларының мүшелері еңбек дауларын уақтылы, әділ және заң талаптарына сай, қарауға дайындықтарын күшейтті.
Бұдан бөлек, семинарда қатысушылар әлеуметтік әріптестікті тереңдету, кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру, еңбек құқықтарын қорғауды жетілдіру мәселелерін де талқылады. Кәсіподақ алдағы уақытта да өңірлерде осындай оқыту шараларын жүйелі түрде өткізіп, еңбек қатынастары мәдениетін дамыту жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Келісу комиссиясы мүшелерін оқыту – тек техникалық білім беру ғана емес, еңбек ұжымдарында татулық пен әділдікті сақтаудың, әр қызметкердің құқығын қорғаудың маңызды кепілі болып табылады.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-