ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ ВОЛЕЙБОЛ БӘСЕКЕСІ
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен Оқу-Ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз, спорт жанашыры Бакиев Берікқали Закарияұлын еске алуға арналған облыстық білім беру қызметкерлері арасындағы дәстүрлі волейбол турнирі өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл спорттық бәсеке – ардагер ұстаздың еңбегін ұлықтап, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуді мақсат етеді. Биылғы бәсекеге Ақтөбе қаласы мен Алға, Қарғалы, Хромтау аудандары, сондай-ақ жергілікті Қандыағаш қаласынан келген ұстаздар командалары қатысып, барлығы 12 команда өзара бақ сынады. Турнир барысында әр команда жоғары дайындық пен шеберліктің үлгісін көрсетіп, ойындар аса тартысты өтті.
Жарыс қорытындысында Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектептің командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орын Қандыағаш қаласының №3 мектеп-гимназиясының командасына бұйырса, үшінші орынды Ақтөбе қаласының №80 жалпы білім беретін орта мектебінің құрамасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар мен Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Турнир барысында қатысушылар Берікқали Бакиевтің білім беру мен спорт саласына қосқан үлесін құрметпен еске алып, оның ұлағатты еңбегінің маңыздылығын атап өтті. Шара ұстаздардың бірлігін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға да зор үлес қосты.