ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Білім – адамзаттың ең асыл қазынасы. Ал сол қазынаны келешек ұрпаққа жеткізетін тұлға – ұстаз. Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы жалпы орта білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Бакиев Жоламан Қайыржанұлы – өзінің адалдығымен, кәсібилігімен, шәкірт жүрегіне жол таба білетін шеберлігімен ерекшеленетін ұстаз.
Жоламан Бакиев мұғалімдер әулетінде дүниеге келіп, бала кезінен-ақ білімге құштарлығымен көзге түсті. 2001 жылы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетін бітірген соң, туған ауылындағы мектепте еңбек жолын бастады. Сол кезден бері оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, тарихи көзқарасын қалыптастыру бағытында табанды жұмыс істеп келеді.
Ұстаздың басты мақсаты – білім беру ғана емес, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейту, ұлттық рухты дәріптеу. Оның сабақтары мазмұн тереңдігімен, тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді. Шәкірттері мұғалімнен тек деректерді емес, өмірге деген көзқарасты, жауапкершілікті, елге деген сүйіспеншілікті үйренеді.
Бакиев Жоламан Қайыржанұлы оқушыларын ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадаларға қатыстырып, олардың қабілеттерін шыңдауға ерекше көңіл бөледі. Осы еңбектің арқасында оның тәрбиеленушілері облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігінің, өз ісіне деген адалдығының айқын дәлелі.
Қай ортада болсын, білімді, жігерлі, талапшыл тұлғаның еңбегі елеусіз қалмайды. Жоламан Бакиев те өз мектеп ұжымында құрметке ие, шәкірт жүрегіне жол тапқан, тарихты сүюді үйреткен нағыз ұстаз.