РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДОДАДА ЖОҒАРЫ МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ
Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі «Кәсіби маман» республикалық конкурсында үздік оқу орындарының қатарынан көрініп, «Кадрларды даярлау бойынша ең үздік колледж» аталымында Гран-при иегері атанды. Бұл жеңіс – колледждің кәсіби-техникалық білім беру саласындағы жүйелі жұмысы мен сапалы маман дайындаудағы ұзақ жылдық еңбегінің айқын дәлелі.
Колледж соңғы жылдары білім сапасын тұрақты түрде арттырып, оқыту бағдарламаларын өндіріс талаптарына сай жаңартып келеді. Материалдық-техникалық база да заман талабына сәйкестендіріліп, оқу процесінде жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. Сонымен қатар, өңірдегі тау-кен кәсіпорындарымен қалыптасқан тығыз әріптестік студенттердің кәсіби дағдыларын тәжірибе арқылы жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.
Мұның нәтижесінде түлектер еңбек нарығына толық дайын, бәсекеге қабілетті маман ретінде қадам басуда. Ал жоғары марапат – колледж ұжымының үйлесімді жұмысының, педагогтардың кәсібилігі мен оқу орнының даму стратегиясының жемісі.
Бұл жетістік Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің кәсіби білім беру саласындағы көшбасшылар қатарында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.