ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалау мақсатында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау қалалық комитеті» филиалының ұйымдастыруымен №17 мектеп-гимназияда «Қарапайым еңбек адамына құрмет!» тақырыбында білім беру ұйымдарының кіші қызметкерлеріне арналған шара өтті.
Алғашқы құттықтау сөзді алған филиал төрағасы Бағытжан Ғимранұлы былай деді: «Жұмысшы мамандықтар жылы» осындай қарапайым еңбек иелерінің еңбегін бағалау, оларды көтермелеу, жағдайын жақсарту үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл – еліміздің әр азаматына «Қандай мамандықта болмасын, сенің еңбегің маңызды» деген құрметтің белгісі. Нағыз кішіпейілділік пен төзімділік – дәл осы мамандық иелерінің бойында бар. Олардың еңбегі – көзге көрінбесе де, жүрекпен сезіледі. Олар болмаса, айналамыз ластанып, тәртіпсіздік орнайды. Ал тазалық – денсаулықтың, жайлылықтың, мәдениеттіліктің бастауы. Кіші қызметкерлер қоғамның тыныштығы мен тазалығына үлес қосып жүрген еңбек майдангерлері. Оларға алғыс айтып, еңбектерін бағалап, қадірлеу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Бұл бүгінгі таңдағы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді».
Салтанатты жиын одан әрі кеш қонақтарын ұлықтау шараларына ұласты. Олар Атырау қалалық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында № 8 Атамбаев атындағы орта мектебінің кіші қызметкері Мереке Салыков, № 16 Қаражігітов атындағы орта мектебінен – Мария Айсагалиева, № 21 Жамбыл мектебінен – Алия Саленова, №21 «Алтын кілт» бөбекжай бала бақшасынан – Гүлайым Габдулиевалар сөз сөйлеп, қарапайым еңбектерін жоғары бағалаған кәсіподақ ұйымына алғыстарын білдірді.
Жиын соңы №17 мектеп-гимназия ұжымы мен білім алушыларының ән-шалқымасына ұласты.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі